Seykhun.kz

ақпараттық-сараптамалық
блог-порталы
kz ru
0 °C
Жел: 1 м/с
Ылғалдылығы: 86 %
Қысым: 754 мм
  • USD 367.3 (+0.24)
  • EUR 419.68 (+3.51)
  • RUB 5.58 (+0.02)
» » «Майлытоғай» және «Тартоғай» атауларының этимологиялық мәні

«Майлытоғай» және «Тартоғай» атауларының этимологиялық мәні

Құрметті оқырмандар, сіздердің атаулар туралы біліміңізге білім қосып, дерекке дерек жалғап, өз ізденісім мен ақпаратымды бөліскім келеді. Қызылорда облыстық ішкі саясат басқармасы мен "Руханиятты қолдау" қоғамдық қорының "Атаулар сыр шертеді" тақырыбындағы байқауына қатысу мүмкіндігін пайдалана отырып, сіздермен облыс аумағындағы елді-мекендердің атауына халықтық түсінік пен ғылыми-сараптамалық негізде біршама мәлімет беруді ұйғардым.

Алдымен халықтық этимология дегеніміз не? Соған жауап берейік. Ғылымда атауларды зерттеуде, оның барлық ерекшеліктері мен пайда болу, шығу төркінін қарастыруда этимология халықтық этимология жəне ғылыми этимология болып бөлінеді. "Халықтық этимология" терминін алғаш ғылымға 1952 жылы неміс лингвисі Ферстеманн енгізген. Кез келген атаудың шығу тарихы (этимологиясы), пайда болу уәжі және өзгеру кезеңдері болады. Осы айтылғандардың қарапайым халыққа түсінікті болатыны және халық өзі уақыт өте келе тілдің сыртқы құрылысына аса мән беріп ыңғайланатыны, өзгертілетіні - халықтық этимология деп аталады. Бұл халық түсінігіндегі атаудың шығуы, пайда болуы. Ал ғылыми этимология атауға ғылыми талдау жасап зерттеуді, атау сырын ашуда нақтылық пен дәлелдерді, салыстырмалы-сараптамалықты қажет етеді. Сондықтан да ол халықтық этимология деректерін де негізге алып, өзара байланыста қарастырады. Басқаша айтқанда, ғылыми этимология дегеніміз - сөз төркінін тілдік заңдылықтар мен талаптарға сәйкес зерттейтін тіл білімінің саласы.

Енді осы айтылғандарға мысал келтіріп, екінші жағынан "Атаулар сыр шертеді" деген тақырыпты ашып, бір-екі атауды талдап көрейік. Қызылорда қаласынан шығысқа қарай 60-70 км. жүрсеңіз, "Майлытоғай" және "Тартоғай" деген ауылдарды кездестіресіз. Осы ауыл атауларына мəн беріп көрдіңіз бе? Бұл атаулар бір қарағанда түсінікті, ешқандай құпиясы жоқ сияқты, өйткені олар бертінде, кейінірек пайда болған.

Халық уақыт пен кеңістікті əр заманда əрқалай сипаттап, соған сай өзгертіп отырған: бұрынырақ бие сауым уақыт, қозы көш жер, ит өлген жер, таяқ тастам жер десе, кейінірек техниканың дамыған заманында, айталық, теміржолдың келуімен кеңістіктегі қашықтық та соған сай өзгерді (қараңыз: бұл жайында Ш.Айтматовтың "Боранды бекет" шығармасында өте жақсы сипатталған).

Бұл атаулар сол теміржол мен Сырдария өзенінің арасындағы кеңістікке қойылғанға ұқсайды.Сырдария Майлытоғай аулының тұсында теміржолдан 7-8 км қашықтықта жайылып ақса, Тартоғай аулының тұсында темір жолға 2-3 км жақындап ағады.

Осы географиялық ерекшелікке назар аудара отырып, "Майлытоғай" атауына тілдік талдау жасасақ, "майлы" сөзінің ауыспалы мағынада қолданып тұрғанын көреміз. "Майлы" дегеннен дәулетті, бай, тоқ, тойымды деген мағыналар шығады. "Тоғай" сөзін тіркестірсек, тоғайдағы шөптің

қалыңын, шүйгінін жан-жануарлардың көптігін, олардың тойымдылығын, берекелігін көрсетеді. Осы Майлытоғай ауылында бүгінде көп қолданыста болмай бірте-бірте көмескіленіп, халық жадынан шығып бара жатқан жүздеген əр заманның куəгеріндей атаулар бар. Мысалы, Бестам, Итаяқ, Аққамыс, Шыбықбелгі, Ақжар, Қойбас, Құмжарған, Əулиетораңғыл, Ұялыкөң, Келес, Қызылүй, Сарыбел, Қараой, Итатқан, Аңламас т.б. Бұл атаулар көп жайттан сыр шертеді, сол төңіректе тұрған халықтың таным-түсінігінен, тарихынан хабар береді.

Ал "Тартоғай" атауы жоғарыда айтқандай, Сырдария арнасының теміржолға жақын келіп, кеңістіктің тарылған жерінде орналасқан. Сол үшін тоғайдың алып жатқан жері де тар. Жоғарыда айтылғандай, ғылыми этимология мен халықтық этимология бірін-бірі толықтырып, атау сырын ашуға өз көмегін береді .Өйткені қазақ халқы ат қоюға аса мән беріп, барлық жағдай мен ерекшеліктерін бағамдай отырып қойған.

Тарихты біз өткен өркениет қалдықтарынан, жазылған деректерден және халық ауыз әдебиетінен біле аламыз. Мұның өзі талай өзгеріске ұшырағандар. Дегенмен барлығымызға аян ортақ шындық бар. Егер естіген, оқыған, көргендеріміздің түбі бір болса, онда шындыққа ең жақыны сол болмақ. Сондықтан шын тарихымызды түгендегіміз келсе, еліміздің сөзін түзеп, көнемізді жаңғыртуымыз керек.

#атаулар_сыр_шертеді

Данабек Мадалхан Аманұлы

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті

18 шілде 2018 г. 23 0

Қолданушылар

Сауалнама

Сыр өңіріндегі тарихи орындар жайлы білесіз бе?